Теміржол торабын жөндеуге арналған материалдарды ұрлаумен айналысқан жұмысшылар тобы ұсталды
Теміржол торабын жөндеуге арналған материалдарды ұрлаумен айналысқан жұмысшылар тобы құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2022 жылдың соңында көліктегі полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен «Қазақстан теміржолы» «ҰК» АҚ «Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі», «Жаңаарқа жол дистанциясы» жұмысшыларынан құрылған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Олар екі жылдан бері аса ірі мөлшердегі теміржол торабын жөндеуге және ауыстыруға арналған жолдың үстіңгі құрылысына керекті материалдарды ұрлаумен айналысқан.
Осы іс бойынша 4 сәуірде Астана қаласының мамандандырылған ауданааралық қылмыстық соты үкім шығарды. Жалпы сотталушы 9 адам, оның ішінде осы қылмыстық топты ұйымдастырған «ҚТЖ» «ҰК» АҚ жұмысшылары да бар.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен қылмыс жасағандарға 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.