«Мотоцикл» ЖПІШ: Талдықорғанда полиция тыныштықты бұзған 264 мотоәуесқойды анықтады
Талдықорғанда полиция 2 күн ішінде тыныштықты бұзған 264 мотоәуесқойды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Автомобиль жолдарындағы мотокөлік жүргізушілері арасында көлік тәртібін арттыру мақсатында 10-12 сәуір аралығында өңір аумағында «Мотоцикл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
– Іс-шараның мақсаты – мотоцикл жүргізушілерінің тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын ал. Сонымен қатар түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілерінің жолын кесу, басып озу және белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыру, мемлекеттік техникалық тексеруден өтпеген көлік құралдарын басқару сияқты құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деп атап өтті ППБ командирінің м.а. Абылай Беркендіков.
Екі күн ішінде полиция қызметкерлері мотоцикл жүргізушілерінің 264 заң бұзушылығын анықтады, мас күйде көлік жүргізгені үшін 4 жүргізуші ұсталды, арнайы тұраққа 31 түрлі мотоцикл қойылды, тыныштықты бұзғаны үшін 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары барлық мотоцикл жүргізушілерін жол ережелерін қатаң сақтауға, бұрылыстан шыққан кезде әрдайым екі жаққа да қарауға, қауіпсіздік шараларын ескеріп, түнгі уақытта азаматтардың тыныштығын бұзбауға шақырады.
– Бұдан басқа, өңірдің барлық оқу орындарында полицейлер оқушылармен сабақ өткізіп тұрады. Сабақта жолдарда өзін ұстау ережелері түсіндіріліп, оқушыларға жолдағы немқұрайлылық неден туындайтынын көрнекі мысалдармен көрсетіледі, – деді А. Беркендіков.
Тәртіп сақшысы жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын жас кезінен бастап балаларға үйрету қажет екенін атап өтті.
– Құрметті ата-аналар, кәмелетке толмағандардың көлік жүргізуіне және мотоциклмен жүруіне жол бермеңіз. Ата-аналық міндеттеріңізді жауапкершілікпен орындаңыз. Балаларға қай жастан бастап және қандай жағдайда мотоциклдерді, мопедтерді және скутерлерді басқаруға заңды құқық берілетінін түсіндіріңіз. Есіңізде болсын, жол қателіктерді кешірмейді, ал ойланбаған әрекеттердің салдары қайғылы болуы мүмкін, – деп өз сөзін түйіндеді А. Беркендіков.