Алматыда тәртіпке бағынбаған есептегі сотталған бас бостандығынан айырылды
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД Наурызбай аудандық пробация қызметінде тұратын сотталғанның бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Азамат ҚР Қылмыстық кодексі 191 бабының 2 бөлігі 1-тармағы бойынша, яғни жәбірленушінің өмiрiне қауiптi емес күш қолданып, тонағаны үшін сотталған болатын.
2024 жылдың 29 қаңтарынан бастап Наурызбай аудандық пробация қызметінің есебіне алынған оған жаза өтеу тәртібі мен сот жүктеген міндеттері түсіндіріліп, бақылауға алынғанына қарамастан сотталған пробация қызметінің тексерісі кезінде тұрғылықты мекенжайында болмай шықты.
Сол себепті сотталғанның жеке ісі Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотына жіберіліп, жуырда оның жазасының өтелмеген 2 жыл 8 ай бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.