СҚО ауданында полицейлер қараусыз қалған үйлерді күзетіп жүр
СҚО ауданында полицейлер қараусыз қалған үйлерді күзетіп жүр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Эвакуациялау кезінде 30 адам оның ішінде 7 баланы қауіпсіз жерге шығаруға тура келген Ғ.Мүсірепов атындағы аудан ауылдарының су тасқынының беті қайтты. Новоишимское аудан орталығында ең көп қауіпке Набережная және Интернациональная көшелері ұшырады. Судан зардап шеккен үйлерге оралуға әлі ерте болғандықтан, адамдар күндіз келіп, тұрғын үйлерін қалпына келтіре бастады. Ал түнгі уақытта туыстарына барып қонуға мәжбір. Полицейлер болса бұрынғысынша ауыл тұрғындарының мүлкін күзете отырып, тәулік бойы кезекшілік етеді.
Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Нарлан Жұмабаев елді мекендерді күзететін жасақтарды, жолдардағы бекеттерді үнемі тексеріп отырады. Қазіргі уақытта аудан орталығы мен Червонный ауылы арасындағы жол үстінен судың өтуі сақталуда. Полиция қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін жақын маңда кезекшілік атқарады.
Облыстық полиция департаменті бастығы Айдын Қабдұлдиновтың өкімі бойынша Новоишим және Привольный ауылдарының арасындағы көпірге жеке пост қойылды.
– Мұнда адамдар жайылған суға қарауға жиі тоқтайтын көрінеді. Алайда тасыған су жарды шайып жатқандықтан бұл өте қауіпті. Жалпы ауданда су тасқыны жағдайы тұрақты, мародерлік фактілерінің алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бойынша тәулік бойы жұмыс жалғасуда, – деп хабарлайды аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Әлжанов.