Түркістан облысында егде жастағы қос тұрғынға жеке куәлік табысталды
Түркістан облысында егде жастағы қос тұрғынға жеке куәлік табысталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс ауданының полициясына осы күнге дейін жеке куәлігі болмаған 74 және 63 жастағы тұрғындар келіп, өтініш жазды. Ауданның қос тұрғыны да бұрыңғы куәлігімен жүрген. Олар мал шаруашылығымен айналысып, Қазақстан Республикасы азаматы ретінде жеке куәлігін растайтын құжатты алуды қажетсінбеген.
Арызды қабылдаған соң сақшылар бірден тұрғындардың құжаттарын рәсімдеп, жаңа үлгідегі жеке куәлігі дайын болған соң табыстады. Ал олар полицейлерге қатысты арыз-шағымы жоғын жеткізіп, алғыстарын білдірді.
– Өңірімізде әртүрлі жағдайларға байланысты жеке басын куәландыратын құжатын жасата алмай, уақыт өткізіп, кейін аса қажеттілікке байланысты құжаттандыруды сұрап, өтініш жазады. Әрине ондай кезде біз өте көп құжат жинаймыз, біршама уақыт кетеді. Азаматтың жеке басын анықтаумен қатар, оның еліміздің тұрғыны екенін де тексереміз. Барлық рәсімдер жүргізіліп, құжат дайын болып, азамат қолына өз құжатын алған кездегі қуанышын көргенде, жұмысымыздың нәтижесіне риза боламыз, – деп атап өтті полиция бөлімі көші-қон қызметі бөлімшесінің инспекторы Г.Абуова.
Полиция қызметкерлері тұрғындардың жасына, әлеуметтік статустарына қарамастан мүмкіндігінше көмектесіп, құжаттары жоқ, жаңартуды қажет ететін құжаттарын заң талаптарын сақтай отырып, жаңартып, қайта жасап беруде.