Астанада полиция экскаватор шөмішін ұрлаған ер адамды ұстады
Астанада полиция қызметкерлері экскаватор шөмішін ұрлаған құрылыс нысанының бұрынғы күзетшісін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға ЖШС өкілі хабарласып, құрылыс объектісінің аумағынан белгісіз адам экскаватор шөмішін ұрлап, 600 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтіргенін айтып арызданған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында «Сарыарқа» аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Рудный қаласында, елордалық кәсіпорында бұрын күзетші болып жұмыс істеген, 38 жастағы ер адамды анықтады.
Түнде ол көлік жалдап, экскаватор шөмішін тиеп алып кетіп, содан кейін оны Алматыда сатып алушыға сатып жіберген. Сондай-ақ оның аталған нысаннан құрылыс материалдарын ұрлауға қатысы бар екендігі анықталды.
Аталған фактіге қатысты ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, ер адамның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.
Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Астана қаласының полиция департаменті объектілердің иелеріне тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлауды болдырмау үшін нысандарды күзету жөнінде шаралар қабылдауды, оларды бейнебақылау камераларымен жабдықтауды және күзет дабылын орнатуды ұсынады.