Ақтөбеде полицейлер балаларға жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізді
Ақтөбеде полицейлер балаларға жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалардың қауіпсіздігі – полицияның негізгі міндеттерінің бірі. Осыған байланысты патрульдік полиция қызметкерлері қала оқушыларымен танымдық сабақтар өткізуде.
– Жолдарда балалардың жарақаттануы және оның алдын алу – өте маңызды және күрделі мәселе. Осыған байланысты біз жалпы білім беретін мекемелердің оқушыларымен үнемі түсіндірме әңгімелер өткіземіз. Сабақтарда жол қозғалысының базалық ережелеріне, жеке қауіпсіздік ережелерін сақтауға ерекше назар аударылады, сондай-ақ реттеушінің қимылдары түсіндіріледі, – деп атап өтті Ақтөбе қаласы патрульдік полиция батальонының командирі Мирхан Есенжолов.
2024 жылдың басынан бастап Ақтөбе облысында балалардың қатысуымен 26 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 27 бала түрлі дене жарақатын алып, 6 бала қаза тапты.
– Құрметті ата-аналар! Балаларыңызға күн сайын жол қозғалысы ережелерін түсіндіруді сұраймыз. Балаларда жеке қауіпсіздік дағдыларын қалыптастырыңыз. Балалармен жеке әңгімелер өткізіңіз, олардың өмірін сақтауға көмектесетін маңызды ережелерді айтыңыз. Есіңізде болсын, сіздің балаларыңыздың қауіпсіздігі тек сіздің қолыңызда!, – дейді Ақтөбе облысы ПД.