Елорда тұрғыны жас футболшылардың телефондарын ұрлап кеткен
Елордалық полицейлер екі жасөспірімнің гаджеттерін ұрлау фактісін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалар футбол ойнап, смартфондарын сөмкеге салып футбол алаңының жанындағы көгалға тастап кеткен.
Сарыарқа аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері анықтағандай, жасөспірімдердің абайсыздығын 18 жастағы Астана тұрғыны пайдаланған.
Ол телефондарды алып, оқиға орнынан ізін суытқан. Анықталғандай түскі ас кезінде жас жігіт үйдің ауласында балалар ойнап жатқан футбол алаңына жақындаған.
Ол жақындай бергенде заттардың арасынан жерде жатқан Vivo телефонын байқады. Жеткіншетердің футболға алаңдағанын пайдаланып, ұялы телефонын алып, ізін суытқан. Содан кейін дәл сол күні ол басқа футбол алаңында студенттің телефонын иемденіп кеткен.
Қаскүнем 460 мың теңге тұратын IPhonе 14 Pro Max телефонын да қолды қылған. Гаджеттердің ұрланғанын білген балалардың ата-анасы бірден полицияға хабарласқан. Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті кінәсін мойындады. Айғақты заттар алынып, оның елордада бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарға қырағы болуға және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.