ІІО ардагері Талғат Сүлейменов: «Тергеу – бұл менің кәсібім»
Тергеушінің жұмысы шыдамдылықты, табандылықты, зейінді және талапшылдықты қажет етеді. Осы орайда Polisia.kz сайтының редакциясы Павлодар облысы Ертіс ауданында тергеуші болып қызмет атқарған ІІО ардагері Талғат Сүлейменов жайында аз-кем мәліметті назарларыңызға ұсынады.
Тергеу басқармасы қылмыстарды тергеудің негізгі буыны болып табылатыны бәріне аян. Бүгінде Талғат Сүлейменов ІІО ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі. Бір кездері тергеу саласында 25 жылдан астам қызмет еткен, қатардағы тергеушіден полиция бөлімі бастығының орынбасарына дейінгі жолдан өткен.
Талғат Сүлейменов Ертіс ауданы Заречное (қазіргі Қызылжар) ауылында дүниеге келген. Әскердегі қызметі РСФСР-дің Челябинск облысында, Еділ-Орал әскери округінің қосалқы командалық пунктінің аға радиотелеграфисті ретінде өтті. Әскерден кейін Омбы қаласындағы Заң мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Соңында ҚР Ішкі істер органдарына Ертіс ауданының ІІБ жедел қылмыстық іздестіру қызметіне кірісті. Талғат Болатұлы табандылығы мен кәсіби қасиеттерінің арқасында 1996 жылы Мемлекеттік тергеу комитетінің тергеушісі болып тағайындалды.
Талғат Сүлейменовтың ІІО-да қызмет ету кезіндегі бір қылмыс есінде ерекше қалып қойған екен. Ол – «Суворов» ЖШС басшысының өлтірілуі еді.
2003 жылы наурызда Ертіс ауданының Суворов ауылында директор мен оның әйелі тұратын үйге белгісіз адам кіріп, ерлі-зайыптыны металл шыбықпен ұрып, қылмыскер қашып кеткен. Бағалы заттар да, ақша да ұрланбаған. Үй иесі есін жия алмай қайтыс болды. Сәуір айында күдікті ұсталды. Ол Павлодар облысының 33 жастағы тумасы болып шықты, бұрын ауыр қылмыстары үшін екі рет сотталған және өтелмеген соттылығы болды.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктінің ЖШС директорына шабуыл жасауының себебі онымен жеке басының қарым-қатынасының шиеленісуінен туындаған. Талғат Сүйлейменов істі тергеп, дәлелдерді мұқият жинап, оның кінәсін дәлелдеді. Сот қылмыскерді 24 жылға бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеп, ерекше режимдегі колонияда жазасын өтеуге үкім шығарды.
– Тергеуші – бұл өз білімін үнемі арттыруды, ой-өрісін кеңейтуді талап ететін мамандық. Мен үнемі оқып, білімімді жетілдіріп отырдым, заңнамадағы жаңа нәрселерді білдім. Біраз уақыттан кейін аға тергеуші, содан кейін ІІБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. 2016 жылдың маусым айында зейнет демалысына шықтым. Қылмыстық істерді тергеу жолының басында маған Қанат Дүйсембаев, Саркен Бақтыбаев, Юрий Бондарев, Зоя Жолтаева және Жаслан Әбдірахманов сияқты өз ісінің нағыз мамандары тәлімгерлік етті. Олар жұмысты қызықты жағынан көрсетті, оның маңыздылығын түсіндірді,- деп еске алады Талғат Сүйлейменов.
Ұзақ мерзімді қызмет барысында ол өзінің тәлімгерінің ісін жалғастырған және қазір өзінің негізгі міндетін әрдайым және барлық жерде атқаратын лайықты полицейлердің бүкіл тобын дайындады.
Адал қызметі және қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін Талғат Сүлейменов үш дәрежелі «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медальдарымен, «ІІМ -дегі үздік қызметі үшін» төсбелгілерімен және ҚР ІІМ Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл марапаттар ардагердің мансабындағы ең құнды баға болып саналады. Талғат Сүлейменов жұбайы Раушанмен бірге екі бала тәрбиелеп өсірді.
– Зейнеткерлікке шыққаннан кейін үйде отыра алмадым. Бірден акционерлік қоғам президентінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болып жұмысқа орналастым, сонымен қатар адвокат болдым. Мереке қарсаңында ардагерлер мен жас қызметкерлерге зор денсаулық пен отбасылық амандық тілеймін, – дейді Талғат Болатұлы.