Қызылордада 90-нан астам жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды
Қызылордада полицейлер “Түнгі қаладағы балалар” іс-шарасы барысында басқармаға 91 жасөспірімді жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласы полиция басқармасының ұйымдастыруымен қала көлемінде мамыр айының 10-12 күндері аралығында “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық шарасы өткізілді.
Іс-шара барысында құқық бұзушы 91 жасөспірімді басқармаға жеткізіп, олардың ата-аналарына 91 әкімшілік хаттама рәсімдеді. Ювеналды полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздікті болдырмау, қылмыстардың алдын алу түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған және ересектердің бақылауынсыз көшеде жүрген балаларды анықтап, ата-аналарына тапсыру бойынша түнгі тексеру жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, құқық бұзушы жасөспірімдердің ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын –сауық мекемелерінде немесе тұрғын жайдан тыс жерде болуы) бойынша 67 әкімшілік шара көрілді. ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) бойынша 3 хаттама рәсімделді.
– Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде сағат 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін болуы заңды өкілдеріне ескерту жасауды көздейді. Егер бұл әрекеттер бір жыл ішінде қайталап жасалса, құқық бұзушыларға жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, – деді басқарма бастығының бірінші орынбасары Ердәулет Жаукеев.