Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде ер адам мас күйде КамАЗ көлігін басқарған

Ақтөбеде ер адам мас күйде КамАЗ көлігін басқарған. Оның бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

11 мамырда Ақтөбе қаласында патрульдік полиция қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында қала тұрғынының басқаруындағы КамАЗ (бетон араластырғыш) автокөлігін тоқтатты.

Құжаттарын тексеру барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі байқалып, жүргізілген медициналық сараптама нәтижесінде оның мас күйде болғаны анықталды.Сонымен қатар арнайы базалар арқылы тексеру барысында полиция қызметкерлері аталған жүргізушісінің 2023 жылы зардап келтірген жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін сот шешімімен екі жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғанын анықтады.

Автокөлік арнайы тұраққа қойылып, жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық заңнамада мұндай құқық бұзушылық үшін өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

«Құқықтық тәртіп» ЖПІШ басталғалы 3 күн ішінде полиция қызметкерлерімен облыс аумағында 13 мас жүргізуші анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру