Алматы облысының полициясы мас күйде көлік басқарған жүргізушіні ұстады
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматы облысы Талғар ауданының полицейлері мас күйінде автокөлік жүргізген және бұрын өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында ер адам бұрын тәртіп сақшыларының көзіне екі рет түсіп, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
– Қазіргі уақытта құқықбұзушы УҰИ-на қамалды. Медициналық куәландыру нәтижесінде аталған азаматтың қанында алкогольдік масаңдықтың орташа дәрежесі анықталды, – деп ақпарат берді облыстық полиция департаментінде.
Алғаш рет ол 2020 жылы жеті жылға автокөлікті басқару құқығынан айырылған. Үш жылдан кейін, сот шешімімен ол өмір бойы басқару құқығынан айырылып, екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығына шектеуге жазасына үкім шығарылған.
– Қазіргі уақытта аудандық полиция басқармасында көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі көлік құралын басқаруы фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады, – деп толықтырды ведомствода.