Көкшетауда учаскелік полицей ер адамды құтқарып қалды
Көкшетауда учаскелік полиция инспекторы ер адамның өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің алдын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Учаскелік полицей Темірлан Алпысов өз-өзіне қол жұмсамақ болған адамды құтқарды. Оқиға орнына бірінші болып келген учаскелік инспектор өз өмірін қатерге тігіп, ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алды.
Жедел басқару орталығына куәгерлерден салынып жатқан ғимараттың 4 қабатының төбесінде тұрған ер адам туралы хабарлама түскен.
Қоңырау шалған қала тұрғындары ер адамның өзіне қол жұмсауға ниетті екендігіне алаңдаушылық білдірді және шақыруды қабылдаған инспектор аталған мекенжайға жақын маңдағы полиция жасақтары мен учаскелік инспектор жіберілді.
Оқиға орнына бірінші болып осы әкімшілік учаскеге қызмет көрсететін инспектор Темірлан Алпысов келді. Өрт сөндіру сатысымен полицей еш ойланбастан шатырға көтерілді, ондағы адам мас күйінде болған және өз әрекеттері туралы есеп бере алмаған.
Ер адамды қауіпті жерден кетуге көндіруге тырысып, Темірлан оған жақындады, сол кезде оның серіктесі Дархан Дүйсекеев пен патрульдік полиция экипаждары көмекке келген.
Қала тұрғынының назарын аудара отырып, полиция қызметкері қажетті қашықтыққа жетіп, ер адамды шатырдың шетінен алып кетті.
Полицейлер ер адамның құрбысымен жанжалдан кейін осындай шарасыз қадамға барғанын анықтады. Кейін тұрғын дәрігерлерге тапсырылды, ал полиция қызметкерлері қызметін жалғастырды.
Темірлан Алпысовтың адам өмірін сақтап қалуы бірінші рет емес. Өткен жылдың шілдесінде ол әріптесімен бірге бесінші қабаттан секіруге тырысқан әйелдің өзіне қол жұмсау әрекетін болдырмады.