Қостанай облысында оқу жылының аяқталуына байланысты профилактикалық іс-шара өтті
Қостанай облысы Алтынсарин ауданы Силантьев ауылының мәдениет үйінде балалардың оқу жылы аяқталуына байланысты профилактикалық іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға мектеп оқушылары, жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, ТЖ бөлімінің, медициналық ұйымның және аудандық мектеп әкімшілігінің өкілдерін қоса алғанда 200-ге жуық адам қатысты.
– Мектептерде оқу жылы сәтті аяқталды. Ендігі мақсат – жазғы демалыс кезіңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы кезеңде балалардың жол-көлік оқиғаларының салдарынан жарақаттануларын болдырмауға ерекше назар аударылады, – деп атап өтті жергілікті полиция бөлімінің бастығы Қанат Тлеубаев.
Ол 24 мамырда Щербаков ауылында 10 жасар жасөспірім мопедті тізгіндей отырып, рөлге ие бола алмай, көлікпен соқтығысқандығы жөнінде айтып, мысал келтірді. Бала әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Оның заңды өкілдері кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-анасына 36 920 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Кездесуде аудан прокуроры Серік Ганиматов презентация түрінде, оқушылармен әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылатыны туралы айтты.
Ол сондай-ақ есірткінің зияны және алаяқтардың жаңа схемалары туралы сөз қозғады.
Сонымен қатар ТЖ бөлімінің басшысы Сапаш Серікбаев жазғы кезеңде су айдындарында сақталуы қажет қауіпсіздік шаралары туралы айтып берді.
– Тек арнайы жабдықталған жерлерде шомылып, бейтаныс жерлерде суға түспеу қажет. Бұдан бөлек ақаулы жүзу құралдарын пайдаланбаңыздар, – деді ол.
Медицина қызметкерлері де жасөспірімдермен сөйлесті. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айман Оразбаева оқушыларға жыныстық жетілу, ерте жүктіліктің жағымсыз салдары мен физикалық және психикалық денсаулықты сақтаудың маңыздылығы туралы әңгімеледі.Іс-шара барысында спикерлер бейнероликтер көрсетіп, жадынамалар мен брошюралар түрінде көрнекі ақпарат таратты.
Айта кету керек, жергілікті полиция бөлімінің есебінде алты мінезі қиын жасөспірім мен кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамайтын үш ата-ана бар.
Жыл басынан бері ғана ювеналды полиция қызметкерлері балалардың түнде көшеде, ересектердің еріп жүруінсіз болуының 22 фактісін анықтады. Сондай-ақ балаларды дұрыс тәрбиелемегені үшін 13 ата-ана жауапкершілікке тартылды.
Алтынсарин ауданының полиция бөлімінің бастығы Қанат Тлеубаев бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынына сендірді.