Қостанай облысында электр қалқанын бүлдірген жасөспірім жауапқа тартылды
Қостанай облысында электр қалқанын бүлдірген жасөспірім анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" және "Таза Қазақстан" қағидаттарын іске асыру аясында полиция қалалық инфрақұрылым нысандарын ластау және бүлдіру фактілерін анықтау әрі жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда.
"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында учаскелік полиция инспекторлары Лисаковск қаласындағы аллеяда орналасқан электр қалқанына граффити салу фактісін анықтады. Аталған суретті 15 жастағы жергілікті тұрғын салғаны белгілі болды.
Кәмелетке толмаған жасөспірім заңды өкілімен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Кәмелетке толмаған ұлы жасаған ұсақ бұзақылық үшін оның заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау және кінәлі тұлғаларды заңға сәйкес жауапкершілікке тарту бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастырады. Заң мен тәртіп – баршаға ортақ!
