Елорда полицейлері құймақ сататын дүңгіршекке түскен ұрыны құрықтады
Елорда полицейлері құймақ сататын дүңгіршекке түскен ұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері дүңгіршікке басып кіріп, телефон ұрлады деген күдікпен 31 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Ер адам таңғы сағат 05.30 шамасында Абылайхан даңғылымен кетіп бара жатып, көшедегі тұрған құймақ сататын дүңгіршекке көзі түседі. Оңай олжа іздеген қаскүнем іс-әрекетін байқап тұрған куәгерлердің жоқтығына көз жеткізіп, ішке кіреді. Ол кассадан ОРРО телефонын алып, ізін суытқан.
Кейін ұрланған гаджетті кездейсоқ адамға сатып жіберген.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, ер адамның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласы полиция департаменті сауда қызметкерлерін қырағы болуға, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға, сауда нысандарын күзет дабылымен жабдықтауға кеңес береді.