Алматы облысында азаматтар 40-тан астам қаруды полицияға тапсырды
Алматы облысында акцияны өткізу кезінде азаматтар 40-тан астам қаруды полицияға тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 сәуірден 28 мамыр аралығында тіркелмеген қаруды халықтан сатып алу акциясын өткізу кезінде Алматы облысының ішкі істер органдарына 44 бірлік қару тапсырылды Бұл туралы облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркебұлан Ахметов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтты.
– Акцияның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және қарулы қылмыстар жасау қаупін азайту. Ол жыл сайын өткізіледі және өзінің тиімділігін дәлелдеді: қару-жарақпен жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар санының айтарлықтай төмендеуі байқалады. Сонымен қатар тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсыру азаматтарға 100 АЕК-ке дейін қосымша ақшалай сыйақы алуға мүмкіндік береді. Бұл жолы қаруды сатып алуға үш миллионнан астам бюджет қаражаты бөлінді, – деп атап өтті Еркебұлан Ахметов.
Акцияны өткізу кезінде азаматтардан барлығы 44 бірлік тіркелмеген қару, оның ішінде 11 – мылтық, 32 – тегіс ұңғылы және бір бірлік травматикалық қару сатып алынды.
– Естеріңізге сала кетейік, қару мен оқ-дәрілерді тапсырған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, ал заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсырмаған азаматтар оны тапқан кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады, – деп толықтырды Е. Ахметов.