Спорт пен қызметті қатар ұстаған ЖҚАЖ жауынгері
Спорт пен қызметті қатар ұстаған ЖҚАЖ жауынгері өмір жолын баяндап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шынкеев Олжас – спорт саласында үлкен жетістіктерге жеткен полиция аға лейтенанты. Ол 1990 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданында дүниеге келген. Оның спортқа деген қызығушылығы бала кезінен ерекше болды. Ерте жастан күреспен айналысып, өзінің шеберлігі мен еңбекқорлығының арқасында көптеген жарыстарда жеңіске жетті.
Олардың ішінде 2008 жылы Ташкент қаласында самбо күресінен әлем біріншілігінде күміс жүлдегері, 2014 жылы Астана қаласында самбо күресінен әлем кубогінің күміс жүлдегері, 2020 жылы Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз атануын ерекше атап өтуге болады. Бүгінгі күнде ол қазақ күресі, дзюдо, самбо күрестерінен спорт шебері деген атақты арқалаған азамат. Бұл мәртебеге жету үшін Олжас көптеген жылдар бойы еңбектенгенін де ескере кеткен жөн.
Спорттағы жетістіктері Олжасқа құқық қорғау саласына жол ашты. Кішкентайынан әділдікке, тәртіпке бейімділігін көрсеткен ол, полиция қызметкері болуға бел буады. Мектепті бітіргеннен кейін, Қарағанды қаласы Банк колледжіне “Банк ісі” мамандығына оқуға түсті.
Оқуын тәмамдаған соң, Олжас білім жолын жалғастыруды дұрыс көріп, құқықтану мамандығын меңгерген. Қызметтік жолын 2011 жылы ҚР ІІМ ҰҰ ә/б арнайы мақсаттағы бөлімінде бастап, қазір Астана қаласы ПД ЖҚАЖ аға инспекторы болып қызметін жалғастыруда.
Олжас полиция қызметінде заңдылықты сақтауға, құқық бұзушылықтарды болдырмауға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшін салуда.
Кейіпкеріміздің спорттағы және қызметтегі жетістіктері тек физикалық күш пен дағдылардың ғана емес, сонымен қатар рухани мықтылықтың да нәтижесі. Оның күрестегі жетістіктері еліміздің тарихында ерекше орын алып, жастарға үлгі болатыны анық.