Астанада жас жігіт драйв жасаймын деген желеумен скутерді ұрлап кеткен
Астанада жас жігіт драйв жасаймын деген желеумен скутерді ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға скутер дүкенінің өкілі хабарласып, белгісіз біреудің алаяқтық жолмен екі дөңгелекті көлікті иемденіп алғанын айтқан.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сарыарқа аудандық ПБ полиция қызметкерлері алаяқтықпен айналысқан 18 жастағы елорда тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында жас жігіттің дүкенге тұтынушы атын жамылып келіп, тауарға қызығушылық таныта бастағаны белгілі болған. Сатушыларды көлікті сатып алатынына сендірген ол сатып алмас бұрын сынақ жүргізуді сұраған. Сенім білдірген сатушылар жас жігітке сатылатын скутерді жүргізіп көруге берген. Күдікті сол сәтті пайдаланып, оған мініп сату алаңынан ізін суытқан. Сөйтіп жәбірленушілерге 400 мың теңге көлемінде шығын келтірген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.