Түркістанда 400-ге жуық тұрғын жүгіруден марафонға қатысты
Түркістанда 400-ге жуық тұрғын жүгіруден марафонға қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Түркістан қаласында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ауқымды марафон өтті. Іс-шара “ҚР нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары” талаптарын орындау мақсатында әрі Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күні аясында ұйымдастырылды.
Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыс әкімдігі, денешынықтыру және спорт басқармасы “Есірткіге жол жоқ” ұранымен өткізген жүгіру марафонына мемлекеттік қызметшілер, студент жастар, спортшылардан 400-ге жуық адам қатысты.
Марафон Түркістан қаласының Жібек жолы саябағынан басталып, ұзындығы 4 км арақашықтағы “Түркістан-Арена” стадионына дейін жалғасты.
Жарыс қорытындысы бойынша өзінің жүзден жүйрік екенін көрсеткен қатысушылар жүлделі орындарға ие болды. Оларға полиция департаменті бастығының грамоталары, бағалы сыйлықтары табысталды.
– Жұртшылықтың назарын есірткімен күреске аудару, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту, спорттық орта қалыптастыру бағытында осындай игі шара өткізіп отырмыз. Шараға үлес қосқан әрбіріңізге рақмет, – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Амангелді Бурханов.