Таразда 2 мыңға жуық адамның қатысуымен нашақорлыққа қарсы акция өтті
Таразда 2 мыңға жуық адамның қатысуымен нашақорлыққа қарсы акция өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таразда Қ. Рысқұлбеков атындағы саябақта нашақорлыққа қарсы күрес айлығының аяқталуына орайластырылған 2 мыңға жуық адамның қатысуымен «Нашақорлықсыз болашақ» кең ауқымды акциясы өтті.
Оған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова, Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев, қоғам белсенділері мен еріктілер қатысты.
Г. Жауынбекова полицейлерге нашақорлықпен күреске қосып жүрген елеулі үлесі үшін алғысын білдірді.
– Нашақорлықтың алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Айлық барысында полицейлер облыстық спорт, мәдениет, денсаулық сақтау, білім басқармаларының өкілдерімен, еріктілермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ауқымды іс-шаралар өткізді. Осындай кездесулер аудандарда да өтті, – деді Н.Рахметуллаев.
Айлыққа белсенді қатысқаны үшін мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және ерікті ұйымдардың өкілдері ҚР Ішкі істер министрінің грамоталарымен марапатталды.
Іс-шараның таңғаларлық қызықты сәттерінің бірі арнайы бөлініс қызметкерлерінің өздерінің кәсіби дағдыларын көрсеткен қойылымдары болды. Сондай-ақ, тұрғындар облыс ПД кинологиялық қызметі қызметкерлерінің төрт аяқты көмекшілерінің қойылымдарын тамашалады.
Көрші алаңда жасөспірімдер баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақтан жарыстарға белсенді қатысты. Оларға жарыс қорытындысы бойынша бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Акция барысында полицейлер заңсыз айналымнан алынған есірткіні өртеп жіберді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттік бағдарлама әзірленді. Іс-шара соңында саябақта полиция қызметкерлері барлығына балмұздақ таратты.
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған айлық 26 мамырдан 26 маусымға дейін өткізілген болатын.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 231 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Заңсыз айналымнан барлығы 545 келі есірткі заттары тәркіленді.