Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада пробация есебіндегі азамат бизнес жобасын қорғап, жүлделі орын алды

Қызылордада пробация есебіндегі азамат бизнес жобасын қорғап, 70 мың тг ұтып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

25-26 маусым аралығында Қызылорда облысында қоғамдық даму басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” КММ және “Ай-Қанат” жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында “BASTA” бизнес-лагері өткізілді. Бизнес-лагерге облыс көлеміндегі NEET санатындағы жұмыссыз жастар іріктеліп шақырылды.

Лагерь аясында жастар бизнес тренердің семинарына қатысып, Қызылорда қаласында жаңадан бой көтерген ғимараттармен танысып, «Koksu Village» демалыс орнында спорттық сайыстарға қатысып, бизнес жобаларын қорғады.

Бизнес-лагерге Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған А. есімді азамат қатысып, байқаудан жүлделі екінші орын иеленіп, арнайы дипломмен және 70 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды.

– Бүгін мен үшін қуанышты күн. Өйткені бизнес жобам арқылы жеңімпаз атандым. Жылжымалы кинотеатр бизнес жобасын жасағанмын. Алдағы уақытта басқа да жобаларды жасайтын боламын. Қазіргі уақытта жеке кәсіп ашамын деген жастарға қолдау көп. Жеке кәсіп ашып, халқыма пайдалы болып, отбасымды адал жолмен асырайтын боламын. Жастарды қолдайтын шаралар көп болсын, – деді есептегі азамат.

Сайыс және бизнес жобаның үздіктерін облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов марапаттады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру