ШҚО полициясы қос азаматтықтың 30 дерегін анықтады
ШҚО полициясы қос азаматтықтың 30 дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанда қос азаматтыққа жол берілмейтіне қарамастан, облыстың кейбір тұрғындарында ҚР және көрші елдердің паспорттары бар.
Жыл басынан бері rөші-қон қызметінің қызметкерлері ШҚО аумағында тұратын қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
Жарты жыл ішінде облыс полицейлері 30 қос азаматтығы бар шетелдікті анықтап, олардың 8-і Қазақстаннан тысқары шығарылды.
Тәртіп сақшылары атап өткендей көп жағдайда шетел азаматтары ҚР азаматының құжаттарын заңдылықты білмегендіктен сақтайды.
Мысалы Шемонаиха ауданының 19 жастағы тұрғыны ағымдағы жылдың ақпан айында Ресей азаматтығын алған. Алайда жас жігіт бұл туралы қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзімде құқық қорғау органдарына хабарлау қажет екенін білмеген.
Құқық бұзушыға қатысты тиісті бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Кейінірек бұл материал аудандық сотта қаралып, оның қаулысымен шетелдікті Қазақстан Республикасынан шығару туралы шешім қабылданды.
ШҚО полиция департаменті басқа елдің азаматтығын қабылдаған кезде ҚР азаматы 30 күн мерзім ішінде ішкі істер органдарына немесе шет мемлекеттің аумағындағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне хабарлау арқылы Қазақстан азаматтығынан шығуы туралы мәлімдеуі, сондай-ақ ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы қажет екенін ескертеді.