ШҚО полициясының бас санитариялық дәрігері марапатталды
ШҚО полициясының бас санитариялық дәрігері марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметінде әрдайым көзге көріне бермейтін, алайда қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын бағыттар бар. Соның бірі – санитариялық-эпидемиологиялық қызмет.
Бұл салаға Бибігүл Жұмаханова кәсіби жолын арнаған. Бүгінде ол Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бас санитариялық дәрігері.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлері күніне орай Бибігүл Жұмаханова Шығыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапатты облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыстады.
Бибігүл Балабекқызы ішкі істер органдарында 2003 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ал 2014 жылдан бастап полиция департаментіндегі санитариялық-эпидемиологиялық бағытқа жетекшілік етеді.
Оның негізгі міндеттеріне ведомстволық нысандардағы санитариялық жағдайды бақылау, аурулардың алдын алу, санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және полиция қызметкерлерінің денсаулығын қорғау жатады.
Бұл жұмыстың маңызы COVID-19 пандемиясы кезінде ерекше байқалды. Сол кезеңде санитариялық қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, полиция қызметкерлерінің денсаулығын сақтау басты міндеттердің біріне айналды. Бибігүл Жұмаханова инфекцияның таралуына жол бермеу, санитариялық бақылауды ұйымдастыру және қызметкерлерді қорғау бағытында қажырлы еңбек етті.
Бүгінгі марапат – оның көпжылдық еңбегі мен кәсіби жауапкершілігінің, полиция қызметкерлерінің денсаулығын қорғауға қосқан үлесінің лайықты бағасы.
