Алматы облысы ПД бастығы Жамбыл ауданының тұрғындарымен кездесті
Алматы облысы ПД бастығы Жамбыл ауданының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтарды кезекті көшпелі қабылдауды Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов Жамбыл ауданының тұрғындарымен өткізді.
– Кездесу барысында әртүрлі сұрақтар қарастырылды, негізгі бөлігі жекелеген қылмыстық істерді тергеу барысына қатысты болды. Оларды қарау кезінде Департамент аппараты мен аудандық полиция басшылығы ғана емес, Жамбыл ауданы прокурорының орынбасары да әр жағдайды егжей-тегжейлі түсіну үшін қатысты. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіпті қорғау және көші-қон заңнамасына қатысты тақырыптар қозғалды, – деп атап өтті Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Әр тұрғынның сұрағы жеке қаралды. Жауапты тұлғалар кездесуде мәселелерді дереу түрде шешу үшін тиісті нұсқаулар алды.
– Халықтың полицияға деген сенімі мен құқықтық тәртіп әрқашан қатар жүреді. Сенім артса – біздің жұмысымыздың көрсеткіштері де өседі. Бүгінгі әрбір өтініш назарға алынды, олардың әрқайсысы бойынша тексеру жүргізіледі және шаралар қабылданады. Әрине, кейбіреуін шешуге уақыт қажет, бірақ олар менің жеке бақылауымда, – деп толықтырды Б. Әленов.
Облыстық полиция және аудандық бөліністер басшылығының азаматтармен осындай сындарлы диалог тәжірибесі тұрақты түрде жүргізіліп, жалғастырылатын болады.