Елордада құрылыс материалдарын ұрлаған жалдамалы жұмысшылар әшкере болды
Астана қаласының полицейлері құрылыс материалдарын ұрлаған ер адамдарды әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
45 жастағы астаналық азамат полицияға жүгініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген аумақтан материалдардың ұрланғаны туралы хабарлаған.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында құрылыс нысанында жалдамалы жұмыскер болып істеген екі ер адамды анықтады.
Түнгі уақытта қаскүнемдер нысан аумағынан құрылыс материалдарын ұрлап, оларды металл қабылдау пункттеріне өткізген, осылайша 560 мың теңгеден астам көлемде материалдық шығын келтіргені анықталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қылмыстық жолмен көрінеу өндірілген мүлікті сатып алу немесе өткізу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.