Көлік полицейлері шетел азаматына жоғалған қымбат фотоаппаратын тауып берді
Көлік полицейлері шетел азаматына жоғалған қымбат фотоаппаратын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жақында Bhat Keerthana есімді Үндістан азаматшасы Астана станциясындағы желілік полиция басқармасына келіп, абайсызда жоғалтып алған белгілі маркалы фотоаппаратын тауып беруін өтініп, көмек сұрап жүгінді. Фотоаппарат ол үшін өте қымбат еді, себебі онда Қазақстан мен Орталық Азияға жасаған саяхаты кезінде түсірілген барлық фотосуреттер сақталған.
Сол кезде кезекші бөлімде көліктегі ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Евгений Джура мен Бақытжан Мәуленов болған еді. Айта кету керек, Евгений Джура ағылшын тілін жақсы меңгерген.
Туристің айтуынша, ол вокзал маңындағы алаңда таксиден шыққан кезде абайсызда фотоаппаратын түсіріп алған болуы мүмкін. Көлік полицейлері оны мұқият тыңдап, жоғалған затты дереу іздеуге кірісті. Бірнеше сағаттан кейін тәртіп сақшылары фотоаппаратты тауып, оны иесіне қайтарып берді.
Әйел адам тәртіп сақшыларына жедел әрекет еткендері және қызметтік міндеттерін адал атқарғандары үшін үлкен алғысын білдірді.
– Көліктегі полиция департаменті қызметкерлеріне көмектері үшін алғысымды айтамын. Олар өте мейірімді әрі мұқият болды. Барлығын жақсы түсіндіріп, маған жоғалтып алған құнды затымды тауып берді, – дейді Bhat Keerthana.
Бұл оқиға полицияның халықпен, әсіресе туристермен тығыз қарым-қатынаста болудын маңыздылығын және полицейлердің кез келген жағдайда көмек көрсетуге әрқашан дайын екендігін көрсетті.