Елордалық полицей спорттағы жетістігі жайлы айтып берді
Елордалық полицей спорттағы жетістігі жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел уәкілдердің жұмысы үнемі қауіп-қатерге және орасан зор физикалық және психологиялық жүктемелерге байланысты. Бұл мамандық иесі белгілі бір дағдыға, ерекше сезімталдыққа, психолог болуға ғана емес, қызметтің маңызды тармақтарының бірі – дене бітімі шымыр, шыныққан болуы қажет.
Дзюдо және самбо бойынша спорт шебері, Астана қаласы полиция департаментінің Сарыарқа аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Данияр Ахметов бала кезінен спортпен дос.
– Менің әкем дзюдодан спорт шебері және ол менің алғашқы тәлімгерім. 5 жасымнан бастап ол мені спорт секциясына алып келді, соның арқасында мен халықаралық жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері болдым, Азия Кубогының чемпионы атандым, – дейді Данияр.
Қазіргі уақытта полиция қызметкері құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасындағы біріншіліктерге қатысып, департаменттің спорттық өміріне белсене қатысады.
Данияр ішкі істер органдарында 10 жылға жуық қызмет атқарса, оның басым көпшілігінде қылмыстық-іздестіру бөлімінде еңбек еткен. Ол қылмыскерлердің бой тасалауына жол бермей, адымын аштырмай ұстайтын тәжірибелі жедел уәкіл. Оның есебінде көптеген қылмысты ашу оқиғалары бар.