Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

3 жыл бұрын мұздай судан өрімдей қызды құтқарған полицейлер туралы

3 жыл бұрын мұздай судан өрімдей қызды құтқарған полицейлер оқиғаны еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл жағдай қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін еді. Абырой болғанда тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында тағы бір адам құтқарылды.

– Осыдан үш жыл бұрын желтоқсан айында бір отбасы үшін, тіпті біз үшін де дүр сілкіндірер оқиға болды. Бастысы – соңы жақсы аяқталды. Дегенмен, өмірге деген көзқарасымыз өзгергендей. Жан ұшыра ауруханаға келе жатқан кезімізде тыныш қана “аға, рақмет” деген кезде жасөспірім қыздың амандығынан асқан қуаныш болмады, – дейді Атырау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командирі Исатай Тұрсынғалиев.

Оқиға былай болған. 2021 жылы 12 желтоқсан күні сағат 22:20-да «102» операторына көпірден белгісіз адамның секіріп кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері су бетін жарықшам арқылы шолып, батып бара жатқан қыз баланы байқады. Уақыттың тығыздығын сезген тәртіп сақшылары құтқаруға бірден кірісті. Полиция қызметкері Ғалым Қалбаев көліктен арқан жіпті алып, беліне байлап, қыз балаға қарай жүзе барды. Арқанның екінші шетін ұстаған Исатай Тұрсынғалиев көмекке келген өзге әріптестеріне арқанды ұстатып, әріптесінің артынан сақтандыру мақсатында жүзе бастаған. Өйткені аязды күні суық суда жүзу, өзен ағысымен алға сүйреген ағыстың ығына берілмей жағаға жету үшін күш керек.

Тәртіп сақшылары қыз баланы 20 минут шамасында жағаға алып шықты. Ес-түссіз жатқан жасөспірімге бірден жасанды тыныстандыру жаттығуларын жасауға кірісті. Тіршілік белгілері болғанымен жасөспірім денесі қатты салқыннан әлсіреп қалған. Исатай Тұрсынғалиев пен Ғалым Қалбаев бірден жақын маңдағы №5 емхананы шақыруға шешім қабылдап, қызметтік көлікпен өздері де сонда жол тартты.

– Бізде ойланатын уақыт болмады. Құтқару үшін бірден суға секірдік. Су мен ойлағаннан да салқын болып шықты. Бірақ бар ойым батып бара жатқан қыз баланы құтқару болды. Әріптесім арқанның екінші жағын ұстап тұрды, кейін артымнан жүзіп келе жатқанын сезіп тез қимылдап жағаға үшеуміздің де аман-есен шығуымыз үшін барлығын жасадым. Уақыт санаулы болды. Әр секунд маңыздылығын сезіндік. Взвод командирі тез шешім қабылдады, жасөспірім болғасын салқын суда тіпті бізден ұзақ уақыт болғандықтан өкпесіне зақым келмесін деп бірден емханаға жол тарттық, – деді Атырау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Ғалым Қалбаев.

Дәрігерлер 14 жастағы жасөспірімге дереу көмек көрсетуді бастап кетті. Аязды күні аянбай салқын суға жүзіп жасөспірімді ажалдан арашалаған тәртіп сақшыларының да денсаулығы тексеріліп, қажетті көмектерін көрсеткен еді.

– Шындығында, бұл оқиғаға барлығымызға өмірдің әр минуты маңызды екенін, оның қымбат екенін ұқтырды. Сол сәттегі сезімдерімді айтып жеткізе алмаймын. Қазіргі күнге дейін қыз баланың анасы бізге әр мереке сайын құттықтауларын жазып отырады. Бізде әрдайым хабардамыз. Бүгінде ол кәмелет жасына жетіп қалды. Біз оның өмір жолында сәттілікке толы, болашағы жарқын болуын тілейміз, – деді Исатай Тұрсынғалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру