Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полицейі “Jas Kenes Siylygy” сыйлығының жеңімпазы атанды

Алматы облысының учаскелік полиция инспекторы Ермек Ауғанбаев “Janqiarlyq”номинациясы бойынша “Jas Kenes Siylygy” сыйлығының жеңімпазы атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Jas Kenes Siylygy – өз саласының және жалпы еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген жас мамандарды ынталандыруға бағытталған тәуелсіз жастар сыйлығы. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен жыл сайын өткізіледі.

– Сыйлық жеті номинация бойынша беріледі, оның бірі “Janqiarlyq” – құқық қорғау органдарының, авариялық-құтқару қызметтерінің және қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің басқа да ұйымдарының өкілдеріне табысталады. Іс-шара қазақстандық қоғам үшін маңызды салалар мен бағыттарда жұмыс істейтін, күнделікті жұмысы мен еңбек ерліктері жерлестердің көпшілігіне жиі көрінбейтін жас мамандарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды, – деп атап өтті Алматы облысы ПД басшысының орынбасары Арман Тіленшин.

Ермек Ауғанбаев ішкі істер органдарында тоғыз жылдан бері қызмет етіп келеді. Үлгілі отағасы, үш баланың әкесі Ермек өзіне сеніп тапсырылған аудан тұрғындарымен қатар әріптестерінің де құрметіне бөленді. Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің Шелек полиция бөлімінің учаскелік инспекторы лауазымында қызмет етеді.

– Шелек ауылының тумасы болғандықтан, оның әрбір тұрғынын білемін. Қылмыстың алдын алып, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысып, профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жүргіземін, – деді Ермек Ауғанбаев.

Жақында Ермек қызметтегі батылдығы үшін Ішкі істер министрінің құқығымен марапатталды.

– 17 сәуірде қоңырауға жауап бердік, бұл әдеттегі отбасылық жанжал сияқты көрінді. Әріптестеріммен бірге мас күйінде жанжал шығарған қарулы қаскүнемді ұстадық. Отан қорғаушылар күніне орай “Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталдым, – деп қосты Е.Ауғанбаев.

Ермек өз өмірінде балаларына үлгі болуға, енді жұмысқа орналасқан жас қызметкерлерге көмектесуге, қызмет барысында жинаған азды-көпті тәжірибемен бөлісуге тырысады.

– Ауғанбаевты лайықты жеңісімен құттықтаймыз! Оның жұмысы мен адалдығы – жас мамандарға үлгі. Ермекке алдағы уақытта табыс пен жаңа кәсіби жетістіктер тілейміз, – деп қосты А. Тіленшин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру