СҚО-да бес күнде шартты түрде сотталғандар тарапынан 17 тәртіп бұзушылық анықталды
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 808 адам қоғамнан оқшаулаусыз сотталған. Пробация қызметі учаскелік полиция инспекторларының көмегімен олардың жазаны өтеудің шарттары мен тәртібін сақтауын бақылайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 тамыздан бастап полицейлер «Пробация» жедел алдын алу іс-шарасын өткізуге қатысады. Оның мақсаты – шартты түрде сотталған адамдар тарапынан құқық бұзушылықтар мен қайталанған қылмыстардың алдын алу. 5 күн ішінде облыс орталығы мен аудандарда тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша 806 адам тексерілді.
– Олардың тарапынан 17 тәртіп бұзушылық анықталды, учаскелік полиция инспекторлары хаттамалар толтырып, сотталғандарға ескерту жасады. Бес жағдайда бірнеше рет қасақана бұзушылық, соның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық фактілері тіркелген. Олар бойынша жиналған материалдар бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстыру үшін сотқа жіберілді, – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының м.а. Григорий Тыш.