Қарағанды полицейлері бірнеше алаяқтыққа қатысы бар күдіктілерді анықтады
Қарағандыда ойын приставкасын жалға беремін деп тұрғындарды алдаған алаяқтар қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық деректерін ашу бойынша жүргізілген іс-шаралар барысында 24 пен 25 жас аралығындағы екі азаматты ұстады.
Күдіктілер әлеуметтік желіге ойын приставкаларын жалға беретіндіктері туралы жарнама қалдырған. Жарнама берушілер ойын приставкасын жалға алатындарға алдын ала төлем жасау керектігін айтып, есепшот қалдырған. 22 жастағы қала тұрғыны бұл жарнама арқылы өзіне қажетті затты алу үшін алаяқтарға 750 мың теңге ақша аударып, кейін алданып қалғанын білген соң полицияға арызданған. Күдіктілер жасаған қылмыстары туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері барысында күдіктілердің осыған ұқсас бірқатар қылмысқа қатысы бар екені анықталды.