Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбелік полицей энциклопедиялық кітаптың кейіпкері болды

Адалдығы мен адамдығы бір бойынан табылатын полиция майоры Дастан Сұлтанғалиев жуырда ғана Мемлекет басшысының алғысөзімен шыққан, Тәуелсіз Қазақстан қаһармандарының есімінен құралған “300 қайраткер” кітабының кейіпкеріне айналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Авторы – ел жанашыры Динара Бердімұрат. Энциклопедияға есімі ел аузында жүрген танымал тұлғалар енгізілген. Тоқтар Әубәкіров, Бибігүл Төлегенова, Мұхтар Шаханов, Геннадий Головкин, Димаш Құдайбергенов бастаған қайраткерлердің ғибратты ғұмырлары туралы сыр шертетін кітапта жанкештілік істерімен, әрі кең жүректілігімен елге үлгі болған Темір ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Дастан Сұлтанғалиев өмірбаяны мен ерлік істері туралы да баяндалды.

Көп жыл бойы Ақтөбеде патрульдік полиция, учаскелік полиция инспекторы болып қызмет еткен Дастан Сұлтанғалиевтің қиындыққа тап болған талай адамды құтқарып, қол ұшын созғанын тұрғындар жақсы біледі. Бірде ол өртке оранған үйден адамдарды аман алып шықса, енді бірде биіктен секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған көпбалалы ананы жанкештілікпен құтқарып қалған. Тағы бір жағдайда, Дастан отбасындағы жанжалдан кейін далада қалған балалы ананы қамқорлығына алып, енді бірде қақаған қыста немересі үйінен қуған 80 жастағы қарияны өзі көпбалалы отбасымен тұрып жатқан бір бөлмелі пәтерінде бірнеше ай бойы паналатқан.

Полиция қызметкерінің мол қызметтік тәжірибесінде мұндай істер жетерлік. Осы көктемде ғана Дастан Шұбарқұдық ауылында көшеде талмасы ұстап құлаған жанды дереу құтқарып қалған болатын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру