Ақмола полицейлері өзгенің көлігін ұрлап кеткен үш жасөспірімді ұстады
Ақмола облысының полицейлері жеке үйдің аумағынан өзгенің көлігін ұрлап кеткен үш жасөспірімді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2024 жылғы 24 маусымда Целиноград ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан өзіне тиесілі жеке үйдің аумағынан Subaru Legacy автокөлігінің ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Келтірілген шығын сомасы 1 млн 200 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлыққа күдіктілерді анықтады. Олар жақын ауылдардың бірінің 16 жастағы үш тұрғыны болып шықты.
Полиция осы факті бойынша тергеп-тексеруді бастады.