Маңғыстау облысында ҚАЖД қызметкері адасқан қыз баланы ата-анасына тапсырды
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №43 мекемесінің бақылаушысы адасып қалған кішкентай қызға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №43 мекемесінің бақылаушысы Ақылбек Жұмағалиев жұмыстан үйіне қайтып келе жатып, көшеде жылап тұрған қызды байқады.
– Кішкентай қыз жол бойында қорқып, жылап тұрды. Мен оған жақындап келіп, атын, неге жылайтынын сұрадым. Шынымды айтсам, мен оның айтқан сөзінің ешбірін түсінбедім. Бірақ оның адасып қалғанын ұқтым. Баланың қолынан ұстап, оны тыныштандыруға тырыстым. Содан кейін екеуміз бірге оның үйін іздей бастадық, – дейді бақылаушы Ақылбек Жұмағалиев.
Екі сағат ішінде ҚАЖД бақылаушысы бүлдіршіннің үйін тауып, қызды ата-анасына қайтарды. Кейінірек белгілі болғандай, кішкентай Аяулым ауладан шығып кетіп, кері қайтатын жолды таба алмаған. Ата-анасы қызын іздей бастаған сәтте Ақылбек баланы әкелген.
Баланың анасы оның көмегі мен қамқорлығы үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.
– Қызымды үйдің ауласынан таппаған кезде қатты қорқып кеттім. Бейжай өтіп кетпей, оған көмектескен қызметкерге үлкен рақмет. Оның әрекеті – шынайы адамгершілік пен кәсібиліктің үлгісі, – деді ол.
ҚАЖД мәліметінше, Ақылбек Жұмағалиев 33 жаста, ішкі істер органдарында 2022 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Жұбайымен бірге үш бала тәрбиелеп отыр.