ШҚО студенттері есірткінің таралуы мен қолданылуына қарсы күресте полициямен күш біріктірді
Шығысқазақстандық студенттер есірткінің таралуы мен қолданылуына қарсы күресте полициямен күш біріктірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Студенттер есірткіге қарсы» акциясының ұйымдастырушылары ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері болды. Өңірдегі студенттермен тілдескен тәртіп сақшылары мәселенің күрделілігіне назар аударып, бұл зұлымдыққа бей-жай қарамауға шақырды.
Акция барысында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенттері «Есірткі тоқта» ұранымен челлендж бастап, қазіргі таңдағы басты мәселелердің біріне наразылық білдіру мақсатында сапқа тұрып, эстафетаны С.Аманжолов атындағы университеттің студенттеріне жолдады.
– Мұндай шаралар бізге нашақорлық мәселесінің маңыздылығын түсінуге көмектеседі және өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақырады, өйткені біз еліміздің бүгіні ғана емес, сонымен қатар ертеңгі күннің болашағымыз, – деп атап өтті Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ 1-курс студенті.
Идеяны қолдаған ШҚУ студенттері челленджді би флешмобымен жандандырып, өздерінің белсенді ұстанымдарын білдіре отырып, «Есірткіге жол жоқ» ұранын айтты. Жастар арасындағы нашақорлықпен күресу бастамасын қолдаған олар эстафетаны Абай облысының студенттеріне жолдады.
ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Дәулет Жұмаділов атап өткендей, олар оқу жылының алғашқы айын алдын алу шараларымен бастады. Полицейлер Өскемендегі барлық жатақхананы аралап, жастармен әңгімелесіп, есірткіге қарсы насихат жазылған кітапшалар мен естелік сыйлықтар таратты.
– Ересек өмірге енді қадам жасаған басқа аудандар мен облыстардан келген студенттер жаңа жағдайларға өз бетінше үйреніп, бейімделуі қажет. Қазіргі уақытта есірткіге қатысты жағдай туралы ресми және дұрыс ақпарат беру, есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстық жазаны қатаңдату және есірткіні пайдаланудың ауыр зардаптары туралы айту өте маңызды, – деді ШҚО ПД ЕҚҚІҚБ бастығы.
Бір айта кетерлігі, жыл басынан бері полиция қызметкерлері облыста 170-тен астам есірткі қылмысын тіркесе, оның 77-сі сату фактісі болған. 130 келіден астам есірткі және психотроптық заттар тәркіленді. Сондай-ақ облыста жүргізілген шаралар барысында 200-ге жуық есірткі жарнамасы мен граффити суреттері жойылды.
ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы есірткі тарату арналарын анықтау және жолын кесуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруды жалғастырып жатыр.