Туристік полицейлер шетелдік азаматқа көмектесті
Түркістан облысында туристік полицейлер шетелдік азаматқа көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркия елінен келген шетелдік Али есімді азамат Түркістан облысы полициясынан көмек сұрады. Оның айтуынша, қонақүйге орналасқан мекенжайынан шығып, қыдырып, қайта оралар кезде адасып кеткен. Осылайша турист бірнеше сағаттай жүрген.
Туристік полициядағы сақшылар шетелдікпен түрікше тілдескен уақытта оның тіпті қонақүйдің аты мен нақты орналасқан көше атауын да білмейтінін анықтады. Осыдан соң полицейлер шетелдік азаматты қызметтік көлікке салып алып, көшелердегі қонақүйлерді көрсетіп шықты.
Осылайша туристік полицияның жедел әрекетінің нәтижесінде шетелдік өзі аялдаған қонақүйге жеткізілді.
Турист Қазақстан полициясының оның ішінде Түркістан облысының туристік полициясының кішіпейілділігі мен қызметіне адалдығын айтып, алғысын жеткізді.