“Динамо” спортшысы Мария Бровкова әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды
“Динамо” спортшысы Мария Бровкова байдарка мен каноэде есуден Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мария Бровкова – байдарка мен каноэде есу бойынша ҚР абсолюттік чемпионы, Әлем кубогының чемпионы, республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері. “Динамо” дене-спорт қоғамы қоғамдық бірлестігінің спортшысы.
Қазақстанның спорттық қоржынына көптеген жетістіктер әкелген еліміздің мақтанышы. Жақында ғана Мария Парижден оралды, онда біздің облысымыздан жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының құрамында өнер көрсетті. Парижде өткен жазғы ХХХІІІ Олимпиадалық ойындарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп және әлемдік деңгейде Қазақстан Республикасының беделі мен абыройын арттыруға ерекше үлес қосты.
Жуырда, 23-25 тамыз аралығында Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында байдарка мен каноэде есуден Әлем чемпионаты өтіп, Мария қола медальді жеңіп алды.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев және “Динамо” ДШҚБ Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Манарбек Ғабдуллин спортшы қызды осынау жеңісімен құттықтап, алдағы спорттық додаларда толағай табыстар тіледі.
Жас спортшыға және оның жаттықтырушысына “Динамо” дене шынықтыру қоғамы атынан естелік сыйлықтар тарту етілді.