Павлодар облысында биыл 5 мыңнан астам тұрғын абаттандыру ережелерін бұзған
Павлодар облысында биыл 5 мыңнан астам тұрғын абаттандыру ережелерін бұзған, – деп хабарлайды Polisia.kz
Катаев көшесіндегі үйдің 4 қабатынан қоқыс салынған пакетті лақтырып жіберген көршісінің қылығы туралы полицияға куәгер мәлімдеді.
Осы үйге жеткенде полицейлер ауланың артында әртүрлі қоқыстар жатқанын анықтады.
– Тәртіп сақшыларымен сөйлескенде пәтер иесі қоқыс балконда жатқанын, балконды жинау кезінде қоқыс байқаусызда құлап кеткенін, оны жинау ойда болған, бірақ ұмытып кеткенін айтты, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құқық бұзушымен профилактикалық әңгіме жүргізілді, сондай-ақ әкімшілік материал жасалды. Егер жағдай қайталанса, пәтер иесіне 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді, ал бұл – 73 840 теңге.
Кіреберіс аумағы мен үй маңындағы аумақ қоғамдық орындарға жатады. Тұрғын үйдің иелері мен жалға алушылары тұрғын үйді пайдалану ережелерін сақтауға міндетті. Егер кәмпит қағазы немесе бос темекі қорабы биіктіктен жерге ұшып кетсе, бұл бір бөлек. Бірақ терезеден бос бөтелкелер немесе қоқыс салынған пакеттер сияқты қатты заттарды лақтыру одан да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарынан қоршаған ортаға құрметпен қарауды және қоқысты арнайы контейнерлерге тастауды сұрайды.
Жыл басынан бері Павлодар облысының 5 мыңнан астам тұрғыны абаттандыру ережелерін бұзып, жауапкершілікке тартылды.