Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда үш азаматтан 10 млн теңгенің вейпі тәркіленді

Қарағандыда үш азаматтан 10 млн теңгенің вейпі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 10 миллион теңгеден астам сомаға электрондық темекі (вейп) партиясын тәркіледі. Операция шегілмейтін темекі өнімдерінің және электрондық тұтыну жүйелерінің заңсыз саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар шеңберінде жүргізілді.

Жоспарлы іс-шара барысында полиция қызметкерлері 24 жастағы азаматтың басқаруындағы автокөлікті тоқтатты. Көлікті тексеру барысында жалпы саны 1627 дана болатын 15 қорап электронды темекі өнімдері анықталып, тәркіленді. Аталған тауарларды ұсталғандар сатуға апара жатқаны белгілі болды.

Заңсыз электрондық темекіні сату және тарату күдігі бойынша 21 мен 24 жас аралығындағы үш адам анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, осы жылдың 19 сәуірінде Қазақстанда вейптерді, сондай-ақ олар үшін сұйықтықтарды тұтынудың электрондық жүйелерінің айналымына тыйым салатын заң қабылданып, ол 20 маусымда күшіне енді.

Полиция департаменті азаматтарға заңнаманы сақтау қажеттігін және электрондық тұтыну жүйелерінің заңсыз саудасына қатысуға сақ болуды ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру