СҚО-ның ерлер колониясында тігін цехы ашылды
СҚО-ның ерлер колониясында тігін цехы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің №48 мекемесінде сотталғандарға арналған тігін цехы мен оқу сыныбы орналасқан Еңбек – Қызылжар РМК-ның екі қабатты модульдік ғимаратының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға ҚР ІІМ аппаратының басшысы Онал Бекиев, ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков, ҚР ІІМ ҚАЖ комитеті төрағасының орынбасары Рүстем Тунгышбаев, ҚРІІМ ҚАЖ комитеті тыл басқармасының бастығы Александр Петухов, облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев, облыс прокурорының орынбасары Дәурен Ержанов, СҚО адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Жанат Жұмабаев, сондай-ақ СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің басшылығы қатысты.
ҚАЖ комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков қонақтар алдында құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар тұлғаларды жемісті ынтымақтастығы, белсенді жұмысы және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жағдайды сауықтырудың Жол картасын іске асыруға көрсеткен көмегі үшін марапаттады. Әрі қарай лентаны кесудің салтанатты рәсімі, тігін цехы бойынша экскурсия және мекеме аумағында өндірілетін өнімдер көрмесі өткізілді.
Екі қабатты модульдік ғимараттың ауданы 450 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі таңда мекемеде 126 сотталған жұмысқа орналастырылды. Құрылыс аяқталғаннан кейін модульдік ғимаратта барлық қажетті жабдықтар орнатылды. Сонымен қатар жұмысшыларды, атап айтқанда тігін дағдылары бар 18 сотталғанға іріктеу жүргізілді. Жақын арада тағы 60-қа жуық сотталғанды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
– ҚАЖ мекемелерінің аумағында өндірістік цех салу бойынша осындай ірі жобаны іске асыру жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Жол картасының іс-шараларын орындау шеңберінде алғаш рет іске асырылды. Жоба білікті кадрларды даярлау және сотталғандар үшін жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында жүзеге асырылды. Сонымен қатар аталған жобаның бүкіл республика бойынша баламасы жоқ, – деп атап өтті департаментте.