Көлік полицейлері заңсыз есірткі өсірген ШҚО-ның үш тұрғынын ұстады
Көлік полицейлері заңсыз есірткі өсірген ШҚО-ның үш тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шығыс Қазақстан облысының 3 тұрғынын анықтап, ұстады. Олардың бірі “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ мекемесінің Күмістау дистанциясында монтер болып жұмыс істейтін, бұрын сотталған азамат болып шықты. Ұсталғандар құрамында есірткі заттары бар қарасораның тыйым салынған түрін егіп, өсірумен айналысқан.
Көлік полицейлері жеке тінту барысында салмағы 42 келіден асатын 41 түп кептірілмеген марихуана есірткі затын тауып, тәркіледі. Сонымен қатар құқық бұзушылардың мекен-жайларын тінту кезінде олардан қолдан құйып жасалған 6 дана пышақ және травматикалық тапанша табылып, тәркіленді.
Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Өзге ақпарат ҚР қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілуге жатпайды.