ШҚО-да тұрғынға 28 млн теңге шығын келтірген үй ұрылары ұсталды
ШҚО-да тұрғынға 28 млн теңге шығын келтірген үй ұрылары ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қолма-қол ақша мен зергерлік бұйымдардың ұрланғаны туралы хабармен жергілікті тұрғын полицияға жүгінген. Келтірілген шығын сомасы 28 миллион теңгені құраған.
Жедел іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары күдіктілерді ізін суытпай ұстады. Анықталғандай, күдіктілердің бірі бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған екен. Тінту кезінде полицейлер ұрланған зергерлік бұйымдарды тауып, оған қоса 1 келіге жуық гашиш тәркілеген.
Күдіктілер жәбірленушінің өмірін бақылап, аңдып жүріп ұрлыққа мұқият дайындалған. Жәбірленушінің үйден кеткенін күткен күдіктілер қоршаудан секіріп өтіп, пластик терезені басып ашып, үйге кірген. Сейфтен олар ақша мен зергерлік бұйымдарды алып кеткен.
Күдіктілерге қатысты ұрлық және есірткіні заңсыз сақтау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу жалғасуда.