Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында жол қауіпсіздігін арттыру мәселелері талқыланды

Ақмола облысында жол қауіпсіздігін арттыру мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

17 қазанда Көкшетау қаласындағы автобус паркінде Ақмола облысында ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ержан Қошқарбаевтың төрағалығымен автобус жүргізушілерімен кездесу өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – жүргізушілердің жолдағы тәртіпті сақтау мен мәдениетті мінез-құлыққа назарын аудару, сондай-ақ жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін арттыру болды. Жиынға «Көкшетау автобус паркі» ЖШС президенті Әсия Шаримова және қоғамдық көліктің жүргізушілері қатысты.

Кездесуді ашқан Ержан Қошқарбаев полицияның жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын болдырмау мақсатында жүйелі профилактикалық шараларды үздіксіз жүргізіп жатқанын айтты.

Соның бірі – 15-17 қазан аралығында өткізілген «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы, оның мақсаты жолаушылар тасымалы саласындағы қауіпсіздік деңгейін жоғарылату болатын.

Департаменттің жол және техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы Руслан Ержанов жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Аталған іс-шара барысында екі күннің ішінде 120 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде 31 жолаушыларды заңсыз тасымалдау, 10 техникалық байқаудан өтпеген көлік құралдарын басқару, 47 қауіпсіздік белдігін тақпау, 14 телефонды пайдалану, 9 маневр жасау ережелерін бұзу жағдайлары тіркелген.

Автобус жүргізушілерінің пікірінше, қазіргі таңда ең өзекті мәселе – қаланың жол инфрақұрылымы. Олар автобустардың қозғалысына кедергі келтіретін рұқсатсыз тоқтаған автокөліктерді атап өтті. Сонымен қатар, кездесуде оқушыларды тасымалдау мәселелері де талқыланды. Жүргізушілер жол қозғалысының түрлі жағдайларына байланысты пікірлерін белсенді білдірді.

«Көкшетау автобус паркі» ЖШС президенті Әсия Шаримова қазіргі таңда барлық маршруттардағы автобустардың жұмысы үнемі бақылауда екенін және жолаушылар тасымалы саласындағы мәселелерді бірлесіп шешу оң нәтиже беретінін айтты.

Кездесу соңында полиция қызметкерлері жүргізушілерді жолаушыларды отырғызу мен түсіру кезінде ережелерді сақтауға, әсіресе балалар мен мектеп маңайындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінде жылдамдықты қадағалауға ерекше назар аударуға шақырды.

Полиция департаментінің басшысы Ержан Қошқарбаев жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін жүргізушілерге алғысын білдіріп, олардың полициямен тығыз ынтымақтастығы маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру