Сәтбаевта полиция тұрғындарды алаяқтан сақ болуға шақырды
Полиция бөлімінің басшысы Еркебұлан Байзақов «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС қызметкерлерімен өткен кездесу барысында алаяқтықтың алдын алу мәселелері туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында Еркебұлан Байзақов жұмысқа орналастыруға жалған уәде беріп, қыруар ақшаны қалтаға басатын алаяқтардан сақтану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар азаматтарды алаяқтардың түрлі схемаларына қарсы сақ болуға шақырды.
– Алаяқтар интернет арқылы немесе телефон қоңыраулары арқылы адамдарды алдап, олардың сеніміне кіріп, қаржыларын иемденуге тырысады. Сондықтан белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға жауап бермей, құпия сөздер мен банк есепшоттарының кодтарын ешкімге айтпау керек, – деді Е.Байзақов
Жуырда полиция қызметкерлері осыған ұқсас алаяқтықтың жолын кескен болатын. Ол кезде Сәтбаев қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, 2023 жылы «Казақмыс» корпорациясына оператор-бағдарламашы лауазымына жұмысқа орналастыруға уәде беріп, 400 мың теңге көлемінде ақша алып, хабарсыз кеткен танысы жайлы шағымданды. Жедел-іздестіру шаралары барысында 30 жастағы Сәтбаев қаласының тұрғыны анықталды.
Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Егер сіз осындай жағдаймен бетпе-бет келсеңіз, дереу жақын жердегі полиция бөлімшесіне немесе «102» арнасына хабарласыңыз.