Павлодарда полицейлер ерекше қорғалатын аймақта рейд өткізді
Ақсу қаласында полицейлер Ертіс өзенінің жайылма аймағында ерекше қорғалатын табиғи аумақта рейд өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары М. Омаров ауылы маңында күдік тудырған Audi автокөлігін тоқтатып, салонды тексеру барысында үрлемелі қайық, шортан балықтары және балық аулауға арналған құралдарды анықтады. Сондай-ақ Ақсу кентінің маңында да моторлы резеңке қайық, фароискатор, шортан балығы және балық аулауға тыйым салынған құралдармен жабдықталған тіркемесі бар «Нива» автокөлігі тоқтатылды. Рейд нәтижесінде барлығы 33 кг шортан балығы тәркіленіп, сараптама тағайындалды.
– Балық аулау ережелерін өрескел бұзғаны және тыйым салынған құралдармен заңсыз балық аулағаны үшін азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал материалдар сотқа жолданды. Көліктер арнайы тұраққа қойылды, – деді Павлодар облысы Ақсу қалалық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Айдар Сламбеков.
Айта кетсек, республика көлемінде «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы 2024 жылғы 20 қазаннан 19 қарашаға дейін жалғасады.