Полиция қызметкерлері джиу-джитсудан әлем чемпионатында алтын алды
Жетісу полицейлері джиу-джитсудан әлем чемпионатында алтын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 мен 28 қазан аралығында Грециядағы Крит аралында орналасқан Ираклион қаласында джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтті. Бұл турнирге әлемнің 58 елінен 970-тен астам спортшы қатысты, олардың арасында Қазақстан құрамасының өкілдері өз шеберліктерін сәтті көрсетті.
Жетісу облысының полиция қызметкерлері халықаралық аренада үздік жетістіктерін көрсетті. Еліміздің құрамасында Қуандық Есенеев пен Дәурен Ауданбаев болды, олар 85 және +94 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар арасындағы бәсекелестік жоғары деңгейде болды, алайда біздің жерлестеріміз өздерінің шеберлігі мен табандылығының арқасында барлық қарсыластарын жеңіп, бірінші орынды иеленді.
Сондай-ақ Панфилов АПБ тергеушісі Шахноза Таджиева +52 кг салмақ дәрежесінде әйелдер арасында бірінші орынға ие болып, керемет шеберлік көрсетті.
Полицейлер үшін бұл олар қатысатын бірінші халықаралық турнир емес, Қуандық Есенеев джиу-джитсу және әмбебап жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сондай-ақ қоян-қолтық жекпе-жектен, самбодан, панкратионнан және грэпплингтен спорт шебері, аталған жекпе-жек түрлері бойынша еліміздің, әлем және Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы.
Ал Дәурен Ауданбаев джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері және самбодан спорт шебері, аталған спорт түрлерінен әлем және Азия чемпионы.
Жеңімпаздардың әріптестері, туыстары мен жақындары оларды елімізге оралғаннан кейін салтанатты түрде қарсы алды. Полиция департаментінің басшылығы полицейлерді барлық жеке құрам атынан әлем чемпионатындағы жеңістерімен құттықтады.