Қызылордада “Демалыс” іс-шарасы: балалардың қауіпсіздігі басты назарда
Қызылорда қаласында қазанның 31-і мен қарашаның 2-сі аралығында “Демалыс” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы күндері ювеналды полиция инспекторлары күшейтілген режимде қызмет атқарып, 131 құқық бұзушылық дерегін анықтады.
Іс-шараның басты мақсаты – балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, олардың құқық бұзушылықтан, отбасылық зорлық-зомбылықтан және басқа да қауіп-қатерлерден алыс болуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз ойын-сауық орындары мен көшеде жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау және бақылауға алу шаралары жүргізілді. Нәтижесінде, полиция бөліміне 141 жасөспірім жеткізілді.
Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес (Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және оның құқықтарын қорғау міндеттерін орындамау) 5 ата-анаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, істер сотқа жолданды. 442-баптың 2-бөлігі бойынша, түнгі уақытта балаларын қараусыз қалдырған 114 заңды өкілге де хаттамалар жасалды. 434-2-баптың 1-бөлігіне сәйкес, қоғамдық орынды ластағаны үшін 10 жасөспірімге әкімшілік жаза қолданылды.
Сонымен бірге, қоғамдық орындарға масаң күйде келген немесе алкогольді ішімдік ішкен бір жасөспірімге қатысты да ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік шара қабылданды.
Түн тыныштығын бұзған бір жағдай бойынша 437-бап негізінде әкімшілік хаттама толтырылды. Бұдан бөлек, полицияның профилактикалық есебіне қылмысқа бейім 5 жасөспірім мен қолайсыз отбасы санатына жататын 3 ата-ана алынды.
“Демалыс” іс-шарасы барысында Қызылорда қаласындағы 48 қолайсыз отбасы мен профилактикалық есепте тұрған 70 жасөспірімнің тұрғылықты мекен-жайлары тексеріліп, ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бейімдеу орталығына 19 кәмелетке толмаған бала орналастырылды.
Ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларының қауіпсіздігіне жауапты екендігін еске саламыз. Балаларыңыздың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне тұрақты түрде көңіл бөліп, оларды қараусыз қалдырмауды ұмытпаңыз.