ҚР ІІМ Алматы академиясының 10 курсанты Кореяда тағылымдамадан өтіп жатыр
Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясының курсанттары қазіргі уақытта Корея елінде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бірі Шинхан университетінің базасында білім алып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомстволық білім беру тарихында алғаш рет 10 курсант академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді оқытудан өтеді. Тағылымдама ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде жүзеге асырылады және киберқылмысқа қарсы тұруға бағытталған.
– Ішкі істер министрлігі халықаралық байланыстарды кеңейту және ІІМ оқу орындарының білім алушыларын сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру үшін серіктес жоғары оқу орындарына жіберу туралы тапсырма берді. Осыған байланысты біз 4-13 қараша аралығында Шинхан университетіне 2-курс курсанттарын іріктеп, оларды қысқа мерзімді оқуға жібердік, – деді Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының міндетін уақытша атқарушы Жанат Дильбарханова.
Тағылымдама бағдарламасы негізгі және практикалық оқытуды, соның ішінде таэквондо әдістерін оқытуды, сондай-ақ корей тілін мен мәдениетін үйренуді қамтиды. Шетелдік тағылымдама аясында ІІМ Алматы академиясының курсанттары салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, оған Шинхан университетінің Халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Ли Десонг және ТМД елдерімен ынтымақтастық орталығының директоры Им Хэвон қатысты. Сонымен қатар шетелдік оң тәжірибені зерделеу мақсатында Инчхон қаласы полиция департаментінің бөлімшелеріне көшпелі сабақтар ұйымдастырылды, онда олар “112” қызметінің ахуалдық орталығының жұмысымен танысты, көліктегі полиция басқармасына, криминалистикалық және киберлабораторияға барды.
– Отандық және әлемдік тәжірибені зерделеу ішкі істер органдары үшін жоғары білікті кадрларды даярлау үшін қажет. Бұл киберқауіптермен күресу саласындағы ең жақсы тәжірибелерді қабылдауға жақсы мүмкіндік. Біз бұл жобаны дамытуды жалғастыруға ниеттіміз және қазіргі уақытта академияның сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасын басқа шетелдік серіктес ЖОО-лармен іске асыру бойынша ұйымдастырушылық мәселелер шешілуде, – деп толықтырды Жанат Дильбарханова.