Алматы облысында полицейлер көлік ұрлаудың екі дерегін анықтады
Іле ауданының полиция қызметкерлері «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көлік ұрлаудың екі дерегін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта екі қылмыс бойынша да тергеу жүргізіліп жатыр.
5 қарашада Байсерке ауылының 33 жастағы тұрғыны дүкен алдына тауарды түсіру мақсатында ГАЗель көлігін қойған. Белгісіз адам көлікті ұрлап кеткен. Полицияның жедел әрекетінің арқасында күдіктінің жеке басы анықталып, көлік иесіне қайтарылды.
11 қарашада тағы бір жағдай тіркелді: КІА К5 автокөлігінің иесі полицияға ұрлап кету туралы шағыммен жүгінді, залал 8,5 миллион теңгеге бағаланды. Полицейлер Қызылорданың 44 жастағы тұрғынын жедел түрде анықтап, әрі қарай ісін қарастыру үшін бөлімшеге жеткізді.
Ұрлаудың екі фактісі де аудандық полицияда тіркелген, құқық қорғау органдары ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.